Мектебімізде өскелең ұрпаққа білім беруді өзіне кәсіп қана емес, өмірлік мәні қылған ардақты да қадірлі ұстазымыздың бірі – ардақты ана, сүйікті әже, зейнеткер - ұстаз Күміс Қырықбаевна!
Жақсы ұстаз өз жолын қуатын шәкірт тәрбиелеп, ұстаз бен шәкірт арасында үзілмес сабақтастық орнатқанда ғана ұстаздың есімі ұрпақтан ұрпаққа таралары сөзсіз. Себебі, кез-келген салада, білім мен ғылымда болсын жетістікке жеткен жан әуелі өзінің алғашқы ұстазын еске алатыны белгілі. Сізді өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға ретінде жақсы білеміз. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және абзал қасиеттеріңіз кез-келген жанды тәнті етпей қоймайды. Осындай еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басыңыздың кіршіксіздігі өзіңіз, отбасыңыз үшін ғана емес, өзіңізбен қанаттас жүрген әріптестеріңіз, тілектес дос-жаран үшін де зор мақтаныш, абырой, жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі екендігі даусыз.
Бүгін міне, қызмет деген бір белестен өтіп, құрметті демалыс деген кезеңге жеттіңіз! Қуанышыңыз ұзағынан болсын! Ағайын-туыстың құрметіне, немерелеріңіздің шу-күлкісіне, ұл -қыздарыңыздың жеңісті шақтарын көрген шаттықтың бақытты сәттеріне бөленген әдемі ғұмыр кешіңіз!
Құтты болсын алпыс деген жасыңыз,
Жақсылық пен қуаныштан тасыңыз!
Бала-шаға қызығына кенеліп,
Әлі талай асулардан асыңыз!
Деніңіз сау, аман болып басыңыз,
Тек жоғары домаласын тасыңыз!
Ел-жұртыңның ортасында аман-сау,
Күліп-ойнап, жүзге келсін жасыңыз!