Ата-аналарға ашық есік күні өтті
Айлардың сұлтаны — рамазан айының бірінші күні М. Мақатаев атындағы N74 мектептің ұжымы үлкен игілікті шара ұйымдастырды. Ата-аналар жиналысы ерекше форматта өтті. Ұрпағының келешегіне алаңдаған ата-аналар алдымен сынып жетекшілерімен сынып кабинеттерінде кездесіп, одан кейін білім ордасының спорт залында ұйымдастырылған ортақ кездесу платформасында барлық пән мұғалімдерімен жеке-жеке кездесіп, түйткілді сұрақтарына жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Сенбі күні болғанына қарамай, осындай форматта кездесу ұйымдастырған мектеп ұжымына айтар алғысым шексіз. Мұғалімдер ноутбуктарын, оқушылардың бақылау жұмысы дәптерлерін алып келіп, әр ата-анаға баласының құзыреттіліктері мен әлеуеттері туралы жан-жақты мәлімет берді.
Мен өзім 7 А сынып оқушысы — Тоқан Білгеқағанның анасымын. Мен сөйлескен барлық пән мұғалімдерінің жүздерінен балаға деген жанашырлықты, өз ісіне бар жан-тәндерімен берілген жоғары кәсіби деңгейді байқадым.
Мектеп ұжымына зор алғыс айтамын. Алла разы болсын! Еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер! Ата-аналармен осындай ашық байланысты жалғастыра беріңіздер. Өзара сенім мен ашықтыққа құрылған осындай қарым-қатынастар ғана еліміздің болашағын жасайтын нағыз білімді, құзыретті ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Қапантайқызы Ш.
Ана, Л. Гумилев ат. ЕҰУ профессоры,
п.ғ.д.
02.04.2022 жыл.
Посмотреть новость на сайте учреждения
Вернуться к списку новостей
Комментарии